Әскери тікұшақтың жоғалуы: Сорбұлақтан екінші адамның денесі табылып, судан шығарылды

Алматы облысында жоғалған ЕС-145 әскери ұшағын іздеу жұмыстары. 10 тамыз 2025 жыл. Қорғаныс министрлігі таратқан сурет.

Сорбұлақта екінші адамның денесі табылып, судан шығарылды.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, құзыретті органдардың қатысуымен мәйітті тану жұмысы жүргізіліп жатыр.

Ведомство іздеу жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Іздеу жалғасып жатыр.

Су қоймасындағы балшық іздеу жұмыстарын қиындатып отыр деді ведомство өкілдері.

Қорғаныс министрлігіне тиесілі EC-145 әскери тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалған. Бортта үш әскери қызметкер болған. Ізінше ғарыш мониторингі барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлі аумағында майға ұқсас дақ анықталған. Ертесінде көлден тікұшақ бөлшектері табылған, одан кейін іздеу жұмыстары басталды.

Бір күн бұрын ведомство Сорбұлақтан бір адамның денесі мен тікұшақ бөлшектері табылғанын хабарлаған.