Алматы облысында Сорбұлақ су қоймасынан шілде соңында жоғалған әскери тікұшақтың бөлшектері мен бір адамның денесі табылды. Бұл жөнінде 9 тамызда әскери ведомство хабарлады.
Министрліктің айтуынша, аталған аумақ спутник деректерінің көмегімен математикалық есептеулер жүргізу нәтижесінде анықталған.
"Аталған ауданға жедел түрде іздеу топтары мен арнайы техника жөнелтілді. Су астындағы жұмыс барысында ҚР қарулы күштерінің әскери қызметкерлері шамамен 14 метр тереңдіктен әуе кемесінің кейбір бөлшектері мен бір адамның мәйітін тапты. Қазіргі уақытта мәйітті тану процедурасы жүргізіліп жатыр" деп жазылған ресми хабарламада.
Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Су қоймасындағы балшық іздеу жұмыстарын қиындатып отыр деді ведомство өкілдері.
Қорғаныс министрлігіне тиесілі EC-145 әскери тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалған. Бортта үш әскери қызметкер болған. Ізінше ғарыш мониторингі барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлі аумағында майға ұқсас дақ анықталған. Ертесінде көлден тікұшақ бөлшектері табылған, одан кейін іздеу жұмыстары басталды.