БАҚ: Баку Украинаға қару беруге салынған эмбаргоны алып тастауы мүмкін

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев

Егер Ресей Украинадағы Әзербайжанға тиесілі энергетика нысандарына тағы да шабуыл жасайтын болса, онда Баку өз қорларынан Киевке қару-жарақ беруге салынған тыйымды алып тастауы мүмкін. Бұл туралы Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің маңайындағыларға жақын telegram-арналар хабарлады.

Ресейлік "Военкор Котенок" telegram-арнасы "бірқатар дереккөздердің мәліметінше, Баку қазірдің өзінде 122 мм және 155 мм артиллериялық снарядтар өндірісін бастап, кейін оларды Украинаға жөнелтуге дайындалып жатыр, қалай болғанда да шешім қабылданып қойған" деп жазды.

Meduza басылымы атап өткендей, Әлиев пен Украина президенті Владимир Зеленский телефонмен сөйлескенде Одесса облысындағы Әзербайжан мұнай базасына жуырда Ресейдің жасаған шабуылын айыптаған.

Әзербайжан президенті кеңсесі таратқан хабарламада екі тарап Ресейдің Әзербайжан мұнай базасына және Одессадағы Әзербайжан газын айдайтын компрессор станциясына "мақсатты түрде жасаған әуе шабуылдарын" айыптағаны айтылған. Ресей әскері компрессор станциясына 6 тамызға қараған түні, ал SOCAR мемлекеттік компаниясына тиесілі мұнай базасына 8 тамызға қараған түні әуеден шабуыл жасаған, деп жазды Meduza. Содан сәл бұрын Украина алғаш рет Трансбалқан дәлізі арқылы Әзербайжаннан газ алған еді.

Илхам Әлиев биыл шілдеде Украинаға жерін Ресейдің басып алуына "көнбеуге" кеңес берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлиев Украинаға Ресейдің жерді басып алуына "көнбеуге" кеңес берді

Мәскеу мен Баку арасы былтыр желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін шиеленісіп кетті. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып (үшеуі экипаж мүшесі), 29 ада зардап шекті. Әзербайжан бұл қайғылы оқиғаға жауапкершілікті Ресейге жүктеді, ал Кремль кінәсін мойындаудан бас тартып отыр.

Бұған қоса биыл 27 маусымда Ресейдің Екатеринбург қаласында ресейлік күш құрылымдары әзербайжан диаспорасы өкілдерін ұстаған кезде екі адам қаза тапқан соң, бұған жауап ретінде Бакуде шамамен жиырмаға жуық ресейлік азамат, оның ішінде "Sputnik Әзербайжан" атты кремльшіл ақпарат агенттігінің журналистері де ұсталып, қамауға алынды. Баку бұл агенттіктің лицензиясын оның алдында, ақпан айында жойған болатын. Әзербайжан құқық қорғау органдары ұсталған ресейліктердің кейбіріне есірткі контрабандасы мен кибер алаяқтық қылмысына қатысы бар деген айыптар тақты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлиев Путинмен неге араздасты? Әзербайжан саясаттанушысымен сұхбат