Газада әуе шабуылынан Al Jazeera арнасының бес қызметкері қаза тапты

Анас әл-Шариф

Жексенбі, 10 тамыз күні Газа қаласында Израильдің қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) әуе шабуылы салдарынан Al Jazeera телеарнасының журналисі Анас әл-Шариф пен арнаның тағы төрт қызметкері қаза тапқан. Қаланың шығыс бөлігіндегі әл-Шифа ауруханасының жанында орналасқан шатырға әуеден шабуыл жасалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, Al Jazeera қызметкерлерінен бөлек, тағы екі бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Израиль әскері барлау деректеріне және табылған құжаттарға сүйеніп, Анас әл-Шариф АҚШ пен Еуропа одағында террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобының шағын ұясын басқарған және Израильге жасалған зымыран шабуылдарына қатысқан деп мәлімдеді.

"Шабуыл жасалар алдында бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандарды барынша азайту үшін шаралар қабылданды. Нысанаға дәл түсетін қару қолданылды, әуеден бақылау жүргізілді, қосымша барлау ақпараты алынды", – делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.

Бұған дейін Израиль әл-Шарифті палестиналық қарулы топтармен байланысы бар журналистер тізіміне енгізген еді. Al Jazeera және әл-Шарифтің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарған. Телеарна өз қызметкерлеріне жасалған шабуылды "БАҚ еркіндігіне қарсы өрескел әрі қасақана шабуыл жасау" деп атады.

28 жастағы Анас әл-Шариф 2024 жылы Reuters агенттігінің құрамында Газа соғысы туралы фотоматериалдары үшін Пулитцер сыйлығын алған. Қаза болар алдында ол X әлеуметтік желісінде Израиль әскері екі сағаттан астам уақыт бойы қаланы қатты атқылап жатқанын жазды.

Журналистерді қорғау комитеті Израиль журналистерді террористермен байланысы бар деп жүйелі түрде айыптайтынын, бірақ "дәлелді деректер ұсынбайтынын" мәлімдеді. Ұйымның дерегінше, 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылдан кейін басталған Газа соғысы барысында кемінде 186 БАҚ қызметкері қаза тапқан.

Жексенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа қаласын бақылауға алу мақсатын көздейтін әскери операцияның жаңа кезеңі басталғанын хабарлады. Сонымен қатар, ол Газада "шетелдік журналистерді көбірек жұмыс істеуге жіберу" жоспарын жариялады. Бұған дейін Израиль билігі қауіпсіздік себептерін алға тартып, шетелдік тілшілердің Газаға өз бетімен баруына кедергі қойып келген. Сирек жағдайда ғана Израиль әскері қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бақылауымен баспасөз өкілдерінің Газаға барып-қайтуын ұйымдастырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нетаньяху Газа секторындағы жаңа әскери операция жоспары жайлы айтты