Қазақстанда кәмелетке толмаған жеткіншекке жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасаған деген күндікке ілінген адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы 11 тамызда Қазақстанның бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Ресми ақпаратта Қазақстанға ол нақты қай күні жеткізілгені айтылмаған.
Прокуратура дерегінше, ұсталған адам 2024 жылдың қараша айына Қостанай облысында кәмелетке толмаған әрі психикалық ауруға шалдыққан жасөспіріммен үйде жалғыз қалған сәтті пайдаланып, оған зорлық жасаған деген күдікке ілінген. Күдікті әлгі баланың ата-анасы достық қарым-қатынаста болған.
Қылмыс оқиғасынан кейін күдікті Қазақстаннан кетіп қалған. Соған байланысты Қазақстан билігі оған халықаралық іздеу жариялаған.
Күдікті былтыр Ресей Федерациясының Челябі облысында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған. Қазір ол Қазақстанда тергеу абақтысында қамауға отыр деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде педофилия қылмысы үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он бес жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамау жазасы қарастырылған.
Қазақстанда 2018 жылдың басынан бастап химиялық кастрация жасау туралы заң күшіне енген. Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация "кәмелетке толмағандарды зорлады" деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан адамдарға қолданылады.