WSJ: Украина мен Еуропа АҚШ-қа соғысты тоқтату жоспарын ұсынды

АҚШ вице-президенті Джэй Вэнстің (ортада) Ұлыбританияға сапарынан көрініс.

Украина мен Еуропа елдері АҚШ-қа Украинадағы соғысты тоқтату жоспарын ұсынды деп жазды дереккөздерге сүйенген The Wall Street Journal.

Оған сәйкес, бейбітшілік бойынша кез келген қадам атыс толық тоқтағаннан кейін жасалуы керек, екі жақ келіскен жағдайда ғана "жер алмасу" мүмкін, Украина кейбір аумағын беруге келіссе, Украинаға қауіпсіздік кепілдігі берілуі керек, оған НАТО-ға мүше болу ықтималдығы да кіруі керек.

Жоспар АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Кит Келлогқа келесі аптада жоспарланып отырған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин арасындағы кездесу кезінде АҚШ басшылыққа алатын позицияның негізі ретінде ұсынылған.

"Еуропаның мақсаты – Украинамен бірге Ресеймен кез келген келіссөзге қатысты "қызыл сызық" белгілеп алу" деп жазды мақала авторы Боян Панчевски

Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің Аляскадағы кездесуіне дайындық жүріп жатқаны хабарланған. Кездесу 15 тамызда өтеді. Кей мәліметке қарағанда, Мәскеу мен АҚШ келісуі мүмкін ықтимал бейбіт келісім жобасында Украинаның бірақ аумақты беру туралы пунктер де бар.

Зеленский 9 тамызда Украина "өз жерін сыйға бермейді" деп мәлімдеді. Әлеуметтік желіде ол "Ресей ұстанымында өзгеріс жоғын" жазды.

"Ресейліктер ... Украина жерін Украина жеріне «айырбастау» идеясын алға тартады, бұл оларға соғысты қайта бастау үшін қолайлы позициясынан басқа ештеңеге кепілдік бермейді" деп жазды Зеленский.