Accessibility links

Жалақы 3400$. Дмитрий Медведевтің ұлы "Ростех" қару-жарақ корпорациясы құрылымында істейді


Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің ұлы Илья Медведев
Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің ұлы Илья Медведев

Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің ұлы Илья Медведев Ресейдегі ірі мемлекеттік өнеркәсіп конгломераты "Ростех" корпорациясына еншілес компанияда істейді. Украинадағы соғыста пайдаланатын қару-жарақтың бір бөлігін осы корпорация өндіреді. Мұны Азат Еуропа/ Азаттық радиосының "Система" жобасы анықтады.

2016 жылы Мәскеудегі элиталық жоғары оқу орындарының бірін тәмамдаған Илья Медведев ресейлік "МК" таблоидына берген сұхбатында ірі мемлекеттік компанияда істегісі келмейтінін айтқан.

Алайда қазір дәл сондай мемлекеттік компанияда істейді. Биыл 30-ға толған кіші Медведев 2022 жылдың қазанынан бастап "Ростехқа" қарасты "РТ-Развитие бизнеса" (RT-Business Development) компаниясы директорының кеңесшісі қызметін атқарады.

Федералдық салық қызметінің деректерін сараптаған «Система» жобасының мәліметінше, Илья Медведев инвестиция және активтерді басқарумен айналысады және айына 270 мың рубль (3400 АҚШ доллары) алады.

Владимир Путин Дмитрий Медведевке президент қызметін 2008-2012 жылдары берген. Бұл Путинге Конституциядағы екі реттік президенттік мерзім туралы шектеуді асырмауға мүмкіндік берген. Путин президент қызметіне 2012 жылы оралып, 2020 жылы түзету енгізу арқылы 2036 жылға дейін президент болып қалу мүмкіндігіне ие болды.

Президент болып тұрған кезде Медведев өзін либерал және демократиялық реформалардың жақтаушысы ретінде көрсетуге тырысты. Қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары және басқарушы "Единая Россия" партиясының төрағасы қызметіне отырған ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қатты қолдады. Ол әлеуметтік желілер арқылы Кремль риторикасын таратып, Батыс елдеріне ядролық сес көрсетті.

Путиндік истеблишменттегі жоғары лауазымды тұлғалардың есейген балаларының көбі мемлекеттік компаниялар немесе үкіметке қатысы бар жеке фирмаларда істейді немесе мемлекеттік қызмет атқарады.

"Ростех" басшысы Сергей Чемезов Путинмен 1980 жылдары Шығыс Германияда советтік КГБ-да істеп жүрген кезінен бері жақсы таныс, олар Дрезденде бір үйде тұрған. Илья Медведев "РТ-Развитие бизнеса" компаниясында істей бастаған кезде алғашқы айлары компанияны Чемезовтің танысы Александр Назаров басқарған.

Дмитрий Медведев (ортада), әйелі Светлана және олардың ұлы Илья
Дмитрий Медведев (ортада), әйелі Светлана және олардың ұлы Илья

Илья Медведев — Дмитрий Медведев пен әйелі Светлананың жалғыз ұлы. Ильи Медведевтің "РТ-Развитие бизнеса" компаниясына жұмысқа алынғаны ресми түрде хабарланбады және оның бұл қызметке қалай кіргені жөнінде ашық мәлімет жоқ.

2012-2020 жылдары премьер-министр болып тұрған тұста Дмитрий Медведев "Ростехпен" байланысқа жауапты болған, ал Медведевке қатысы бар инвестициялық қор өзін "Ростех" әріптесі деп атаған.

2015–2019 жылдары Илья Медведев "ВКонтакте" интернет компаниясында жұмыс істеген, дегенмен "Система" сөйлескен компания жұмысшыларының ешқайсысы оның неге жауапты болғанын айта алмады. "Оны бірде-бір рет жұмыстан көрген жоқпын" деді бұрынғы топ-менеджер.

«Ростех» «РТ-Развитие бизнеса» арқылы "ВКонтакте" акцияларына иелік еткен, "ВКонтакте"-нің өзге акционері – миллиардер Әлішер Османов. 2019–2022 жылдары Илья Медведев сол жылдары Османовқа тиесілі болған "Криптонит" IT-компаниясының инвестициялық бөлімшесінде істеген.

2022 жылы Османовтың өкілі олигархтың Медведев отбасына жақындығын жоққа шығарып, Илья Медведевтің карьерасына қатысы бары туралы кез келген ақпаратты "ағат пікір" деп атаған.

«Ростех» пен «РТ-Развитие бизнеса» компаниялары осы зерттеуге қатысты сұрақтарға нақты жауап бермеді.

Дмитрий Медведев 2012 жылдан бері Путинің елді басқарудағы негізгі құралдарының бірі – "Единая Россия" партиясына жетекшілік етіп келеді. Медведевтің ұлы 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше айдан кейін партия мүшелігіне енді. Ізінше ол АҚШ пен Еуроодақтың санкциясына ілінді.

2023 жылы "Единая Россия" Илья Медведев Ресей басып алған Украина аумағындағы тұрғындарға арналған "Мен Ресейдемін" атты мемлекеттік онлайн-сервистің құрылуына үлес қосты деп мәлімдеді. Путин Ресей оккупациялап алған украин жерлерін негізсіз Ресейдің бөлігі деп санайды.

XS
SM
MD
LG