Ресейлік "Досье" журналистер тобы Ресей Бас барлау басқармасына (ГРУ) жұмыс істейтін бірнеше агенттің Қазақстандағы құпия қызметін әшкерелеген құжаттарды қолға түсірді. Бұл жазбаларда агенттер бүркеншік зерттеу институтын құру арқылы Қазақстанда ресейшіл пропаганда жүргізу және "қазақ элитасын" Мәскеумен серіктестікке тарту жоспары жайлы баяндаған.
"Досье" зерттеу басылымының қолына түскен бірнеше құжат — Қазақстанда ақпарат жинаған бірнеше агенттің Ресей Бас барлау басқармасының полковнигі Денис Смоляниновке жіберген есептік жазбалары мен жұмыстар жоспары. Құжаттар мазмұнынан олар Қазақстан туралы деректерді Ресей тарабының тапсырмасымен жинаған деуге негіз бар. Осылайша бірнеше агент 2022 жылдың соңынан бастап 2023 жылдың басы аралығында Қазақстанның ішкі саяси ахуалы туралы есеп пен оған әсер ету бойынша жұмыстар жоспарын жолдаған.
Агенттер ақпарат жинаған кезеңде Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мен Қазақстан арасы ширығып тұрған. Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық қолдаған жоқ және сыртқы саясатта бейтарап позиция ұстауға тырысып отырған. Ресейдің агенттері құжатта Астананың мұндай позициясын "русофобия" деп атап, ахуалды қалай өзгертуге болатынын жазған. Ресейдің Бас барлау басқармасына (ГРУ) жіберілді деген кейбір ұсыныс Қазақстанда, расымен, жүзеге асқан. Кейбір жұмыс құпия болғандықтан, олар іске асты ма, жоқ па — дөп басып айту қиын.
"Досье" орталығының қолына түскен бұл құжаттарда ешбір мекеменің мөрі жоқ. Бірақ орталық мамандары осыған дейінгі зерттеулеріне сүйеніп, бұл құжаттың түпнұсқа болуы мүмкін екенін айтады. Құжаттардың жазу стилі, таңдалған сөздер, ондағы кейбір фактілер осыны аңғартады. Азаттық осы құжаттарға қатысты Ресейдің Бас барлау басқармасының жауабын сұраған. Оған әлі жауап келген жоқ.
Құжаттар мазмұнын шолып шығайық.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "РУСОФОБИЯ"
"Қазақстан Республикасындағы ахуал" деген төрт беттік құжатта Ресей агенттері Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы бағытын сипаттайды.
Құжатта "Ресейдің назары Украинадағы арнайы әскери операцияға ауғанын пайдаланғысы келетін АҚШ бастаған Батыс елдері Орталық Азияны Ресей ықпалынан шығаруға күш салып жатыр" деп жазылған. Батыс негізгі жұмысты Қазақстанмен жүргізіп отырғаны айтылады. Осының салдарынан Қазақстанда "батысшыл күштер күшейгені, олар орыс тіліне тыйым салып, қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл ретінде қолданылуына жұмыс істейтіні" жазылған.
Агенттер құжатта Қазақстанның әскери саладағы позициясын "екіұдай" деп бағалаған. Оған Астана Мәскеудің ықпалы зор ҰҚШҰ-ға мүше бола тұра НАТО елдерімен әскери-техникалық серіктестік орнатқанын негізге алған.
Қазақстан билігі, құжаттағы ақпаратқа қарағанда, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларында құпия түрде аумақты қорғау күштерін құруды және дамытуды жоспарлап отыр. Агенттердің жазуынша, Қазақстан билігі осы арқылы Ресеймен шекаралас облыстарда тұратын орыстілді халықтың наразылық көңіл-күйін бақылауда ұстағысы келеді. "Әскер қатарында өзге ұлттардың (әсіресе орыстардың) басым болғанына жол бермеу үшін әскери басшылық үміткерлерге қазақ тілін білу бойынша міндетті емтихан енгізуді жоспарлап отыр" деп жазылған құжатта.
Баяндамада Қазақстан билігі түрлі әлеуметтік көмек ұсынып азаматтарды ел шығысына көшіруге тырысып жатқанын жазып, мұны "ресейшіл халық үлесін азайтуды көздейтін солтүстікті қазақтандыру науқанының жалғасы" деп сипаттаған.
Ресейлік агенттер Қазақстан билігі "советтік Ресеймен тарихын ажырата бастағанын" да атап өткен. Оған мысал ретінде ел 9 мамырда Екінші дүниежүзілік соғыстағы ("Ұлы Отан соғысындағы") жеңіске орай әскери парад өткізуден бас тартқаны (нақты қай жыл екені көрсетілмейді — ред.), СССР кезінде саяси репрессияға ұшыраған адамдарды қудалау туралы "ұлтшыл сипаттағы" зерттеу жүріп жатқанын жазған.
"...Жалпы алғанда, Қазақстан біртіндеп Ресей мен еуразиялық даму моделінен алшақтап, өзінің сыртқы саяси бағытын АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастарына бұрып жатыр. Бұл әрекеттердің бас мақсаты — қазақ-орыс ынтымақтастығын әлсірету және республиканың ҰҚШҰ, ШЫҰ және ЕАЭО сияқты әскери-саяси және экономикалық блоктардан шығуына қол жеткізу" деп жазылған есепте.
Агенттер ГРУ-ға Орталық Азияда тұратын "ресейлік және орыстілді азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғауға жәрдемдесетін, русофобияға қарсы тұратын, Қазақстанға Ресей ықпалын күшейтетін стратегия бойынша тиімді бағдарламалар әзірлеуді" ұсынған.
Айтылған ұсыныстар арасына ресейшіл сарапшылар желісін кеңейту, гуманитарлық және мәдени шараларды қолдау, ақпараттық арналар құру, Мәскеуге адал элита қалыптастыру және қазақ жастарымен жұмыс істеу ету сияқты шаралар кіреді.
АГЕНТ ӨТКІЗГЕН КОНФЕРЕНЦИЯ
Ресей агенттерінің құжаттарында жоспарланған кейбір шаралар Қазақстанда өткізілгеніне ашық дереккөзде айғақтар табуға болады.
Агенттер ГРУ-ға Алматыда "Украина соғысының Орталық Азиядағы жаңғырығы" атты конференция өтетінін хабарлап, онда не айтылатынын сипаттап, ендігі бір құжатта жиыннан соң есеп те берген.
Сарапшылар қатысқан талқы 2023 жылы мамырда өткен. Жобаның жалпы бюджеті 19,5 мың доллар деп көрсетілген. Бұл ақша конференцияны ұйымдастыруға (14 мың доллар) және жиын туралы мақалалар жариялауға (5,5 мың доллар) жұмсалған.
Конференцияға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Германиядан келген жиырмадан аса сарапшы қатысқан. Құжатта қатысатын сарапшының әрбіріне 500 доллар төленетіні жазылған.
Жоспар бойынша, қаламақы алған сарапшылар өңірдің қауіпсіздігіне тек Ресей кепілдік береді деген риториканы таратуы керек.
Үш сағаттан аса уақытқа жалғасқан жиында, расымен, ресейшіл риторика көп айтылды. Сарапшылар Ресейді Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі деп сипаттайды. Экономикалық, энергетикалық және тарихи байланыстарды алға тартып, өңірдегі елдерге Мәскеумен тығыз қарым-қатынасты сақтау тиімді екені дәлелдеуге тырысады. Кейбір маман Батыс санкциялары Ресейге әсер етпегенін, керісінше, Еуропаның өзін қиын жағдайға түсіргенін айтады. "Бұл Ресейдің тұрақты және сенімді әріптес ретіндегі бейнесін күшейтеді". Орталық Азия қазіргі жағдайда "шет аймақ емес, керісінше, геосаяси бәсекелестік жүріп жатқан маңызды өңір ретінде" көрсетіледі. "Сондықтан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан Мәскеудің жағында болуға тиіс" деген риторика айтылады.
Жиында сөйлеген сарапшының бірі — германиялық Ральф Томас Нимайер — журналист әрі бұрынғы саясаткер. Ол Германия билігін заңсыз деп атап, Еуроодақ пен НАТО-ны сынаумен көзге түскен. Нимайер бірнеше рет Ресейге барып, өзін "альтернативті канцлер" ретінде таныстырып, ресейлік медиада белсенді түрде пікір айтып жүр. Кейбір сарапшылар оны Кремльдің ақпараттық саясатын жүргізетін белсенді деп қарастырады.
Алматыда конференция ұйымдастыру жөніндегі жоспарда құжаттың авторы көрсетілген. Құжатты Андрей Елинский толтырған деп жазылған. "Досье" орталығы Елинский "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаған, Мәскеу мүддесіне сай құпия операцияларымен айналысқан Евгений Пригожиннің командасында жұмыс істегенін анықтаған. Пригожиннің құрылымынан тарап кеткен ішкі құжаттарда Андрей Елинский 2018–2019 жылдары саяси технологтар тобымен бірге Орталық Африка Республикасында жұмыс істегені айтылады.
Одан бөлек Алматыдағы конференцияны Виктор Луковенко (Васильев) есімді адам ұйымдастырған. Үш сағатқа созылған жиынның жүргізушісі де болған. ГРУ полковнигі Денис Смолянинов былтыр полиция қызметкері болып сөйлескен "Досье" журналистеріне Виктор Луковенконың өзіне жұмыс істейтінін растаған. Қазір ол Қырғызстанда қамауда отыр. Оны биыл сәуірде Бішкек полициясы "Азаматтарды соғысқа тарту" бабымен күдікті ретінде ұстап, 17 маусымға дейін бұлтартпау шарасы ретінде қамауда қалдырған. Бұған дейін бірнеше басылымның зерттеуінде Виктор Васильев те Пригожинге тиесілі құрылымдарда істеп, ресейшіл агент ретінде құпия операциялар жүргізгені әшкере болған.
ҚАЗАҚ ЭЛИТАСЫН "СЕРІКТЕСТІККЕ ТАРТУ"
Елдегі ахуалды анықтаған соң ресейлік агенттер "Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту" бойынша жұмыс жоспарын жолдаған.
Олар Ресейдің Бас барлау басқармасына Қазақстанда ресми түрде ғылыми-әлеуметтік зерттеу жүргізетін, құпия түрде Мәскеу мүддесіне жұмыс істейтін зерттеу институтын құру ұсынған. Бұл зерттеу институты "Қазақстан элитасына және өзге ықпалды топтармен байланыс орнатып, қоғамдық-саяси жағдайға ықпал ету мүмкіндігіне ие болуы" керек.
Зерттеу институтының шығыны да есептеліп көрсетілген. Шығындар құжатта "бір реттік төлемдер", "ай сайынғы төлемдер", "жоба шығындары" деп үшке бөлінген. Жобаның жалпы бюджеті — 24 миллион 205 мың рубль, яғни 125 млн теңге. "Қазіргі жоспар бойынша, жобаны ең аз деген құраммен 2 ай жүргізуге болады. Үшінші айдан бастап штаттағы қызметкерлер саны біртіндеп артуға тиіс — болжам бойынша алтыншы айда 22–24 адамға дейін жетеді" деп жазылған.
Жоба жоспарына қарағанда, бұл институтта істейтін қызметкерлерге төрт бағыт бойынша жұмыс тапсырылады: қазіргі ахуалды зерттеу, ақпараттық кеңістікті мониторингілеу, психологиялық ықпал ету жұмыстарын жүргізу және Қазақстандағы элитамен байланыс орнату.
Институтқа жұмысқа алынатын адамдар осы орталықтың, яғни ресейшіл институттың "көзқарасымен келісуі керек" әрі "жұмыс тәртібіне байланысты құпия істерге міндетті түрде дайын болуы керек".
Ақпараттық кеңістіктегі жұмыс бойынша қызметкерлер әуелі Қазақстандағы қазіргі ахуалды бақылап, "ойыншыларды" анықтауы керек. Кейін мониторинг тұрақты түрде жалғасып, өзгерістер мен динамика өлшеніп отырады. "Ағымдағы мониторингінің мақсаты — жалпы жағдайды үнемі бақылауда ұстау, мүмкіндігінше қарсыластардың, әлеуетті одақтастардың және басқа ойыншылардың әрекеттерін болжау" деп жазылған. Ақпараттық-психологиялық ықпал ету бағытында медиа арқылы белсенділік таныту, ақпарат тарату және қоғамдық пікірге әсер ету жоспарланған.
Бұл ресейлік институт "ғылыми туризм" деген желеумен қазақстандық сарапшыларды Ресейге шақырумен немесе ресейлік агенттерді Қазақстандағы конференцияларға жіберумен де айналысады. Мәселен, Мәскеу немесе Санкт-Петербургтен сарапшыларды шақыру және қазақстандық зерттеушілердің шетелдік конференцияларға қатысуы қарастырылған.
Зерттеу институтының сауалнама алатыны да жазылған. Олар, жоспар бойынша, Қазақстанда тұратын 18-70 жас аралығындағы 3900 адамнан жауап жинайды. Сауалнамада қазақтарға бөлек, орыстарға бөлек, өзге этностық топтарға бөлек сұрақтар әзірленген. Мәселен қазақтардан "Орыстарға қандай кінә тағар едіңіз? Орыстарды Ресейден бөлек қарастырасыз ба, бірге ме? Орыстардан қандай пайда бар деп есептейсіз? Балаларыңызға орыс тілін үйретуді, орыс білімін беруді қалар ма едіңіз?" деген сұрау керегі жазылған. Ал орыстарға арналған сұрақтар қатарында "Орыс ұлтының мәртебесі мен ықпалын арттырудың қандай мүмкіндігі бар? Орыс халқының Қазақстанда саяси топ ретінде бірігуіне қандай да бір әкімшілік кедергілер бар ма?" деген сауал қойылады.
Агенттер бұл зерттеу институты мен оның баспасөздегі пропагандасы нәтиже бермесе, элитамен жұмысқа ден қойылатынын жазған. Сөйтіп институт жұмысшыларына Қазақстан элитасымен, елдегі балама құрылымдармен және кландармен жұмыс істеу деген міндеттер жүктеледі.
Саяси элитамен сөйлесу бойынша институт қызметкерлеріне шағын нұсқаулық та жазылған. Агенттер элитаның көңіл-күйін сұхбат не жеке байланыс арқылы анықтау болатынын айтады. Институт қызметкерлері Қазақстанның саяси және бизнес элитасын Ресей органдарымен серіктестікке де тартуы керек. Олар элитаны Ресей немесе өзге шет елдің аумағында түрлі жеңілдік пен кепілдік жөнінде уәде беріп, қызықтыруға тиіс. "Яғни, жеке және отбасылық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету, бизнесті қолдау және жаңа іскерлік мүмкіндіктер ұсыну, салықтық жеңілдіктер ұсыну" қарастырылған.
Құжатта бұл зерттеу институтын кім қаржыландыруы мүмкін екені де көрсетілген. Агенттер ГРУ-дың полковнигі Смоляниновқа қаржыны Ресейдің мемлекеттік корпорацияларынан, мысалы, Қазақстанда уран өндіру жобасы бар және "русофобия салдарынан түрлі кедергіге тап болған" "Росатомнан" сұрауды ұсынған. Есепке қарағанда, "Росатом" бұрын да құпия агенттердің осындай қызметін қаржыландырған.
Агенттер қаржыландыру бойынша бұған дейін "Росатомның" бұрынғы басшысы Сергей Кириенкомен және оның орынбасарларымен байланысқан. Қазір Кириенко — Ресей президенті әкімшілігіндегі ықпалды тұлғалардың бірі.
ПАРТИЯ ҚҰРУ, САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ
Ресейлік агенттер Бас барлау басқармасына жолдаған тағы бір құжатта "жұмысты" Қазақстанның солтүстігінен бастауға болатынын жазған. Олар Астанада ресейшіл қоғамдық ұйым мен басылым ашып, сол канал арқылы Қазақстан халқы алдындағы Ресей бейнесін жақсартуға, қазақтар мен орыстар арасындағы достықты насихаттауға күш салуға үндейді. Қоғамдық бірлестік жұмысына "Қаңтар оқиғасынан кейін шетелге қашқан тұлғаларды, елдің кейбір жерінде абыройы зор қылмыстық топтарды тартуға болады".
Агенттер Қазақстанда Ресей мүддесіне жұмыс істейтін саяси партия құруды да ұсынады. Саяси топты ресейшіл қоғамдық ұйым негізінде құрып, 2026 жылғы парламент сайлауына қатысу жоспары көзделген. (Қазақстанда кезекті мәжіліс сайлауы 2028 жылы өтуге тиіс).
Агенттер партия жетекшілігіне Айнұр Құрманов есімді қазақстандық белсендіні ұсынған. Құрмановтың жұмыс бағыттарының бірі Қазақстанның батысшыл позициясын сынау мен Қазақстан солшылдарының ресейшіл позициясын көрсету болатыны айтылған. Құжатта агенттер оған 5 мың еуро (шамамен 3 млн теңге) жалақы тағайындауды сұрайды. Бұл ақшаға Құрманов "Қазақстандағы протестік жағдайлардың картасын жасап, наразы топтардың лидерлерімен байланысып, болашақта қандай да бір наразылықтарға бағыт беріп, олардың көлемін арттырумен айналысуы керек".
Айнұр Құрманов Қазақстанда солшыл бағыттағы қоғамдық-саяси қозғалыстардың өкілі, журналист әрі кәсіподақ белсендісі ретінде танылған. 1976 жылы Оралда дүниеге келген. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, 1990 жылдардың басында Коммунистік партияға мүше болып, кейінірек Саратов мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білім алғаны белгілі. Құрманов 2005 жылы "Қазақстанның Социалистік Қарсылығы" қозғалысының төрағасы болып сайланды. Ол тұрғын үй мәселесімен айналысып, ипотекалық борышкерлердің құқығын қорғайтын "Талмас" қоғамдық бірлестігін құрған.
Қазір Құрмановтың қайда тұратыны белгісіз. Агенттер жазған құжатта оның Грекиядан саяси баспана алып, Афинада тұрып жатқаны айтылған. "Оған Грекия компартиясы пана берген". Агенттердің жазуынша, бұл ұйым Украинадағы соғысты сынайды. Сондықтан Құрманов "осы партияға тәуелді болғандықтан қазір ресейшіл көзқарасын ашық айтпауға мәжбүр" деп жазылған.
Расымен, кейінгі жылдары әлеуметтік желідегі парағында Құрманов ресейшіл көзқарасын ашық айтып жүр. Facebook-парағындағы жазбаларында ресейшіл пікір айтады. Мысалы, 9 сәуірдегі жазбасында ол Алматыны "Алма-Ата" деп атап, президент Тоқаевтан қалада 9 мамырға орай шеру өткізуге рұқсат беруді сұраған. Ол socialism.kz деген сайтты да жүргізеді. Сайт мұқабасында "Қазақстанның социалистік партиясы" деп жазылған. Онда советтік Қазақстанды мадақтап, қазір елдің әр аумағында болып жатқан наразылықтар туралы жазады.
Оның кейінгі кезде әлеуметтік желіде ресейшіл риторика таратып, Мәскеу мүддесіне сай сөйлей бастағаны Ресей Бас барлау басқармасымен келісімінің нәтижесі ме, жоқ па — белгісіз. Азаттық Құрмановқа бірнеше рет хат жазғанымен, сұрақтарымыз елеусіз қалды.
"ЖАСЫРЫН ОПЕРАЦИЯЛАР ТУРАЛЫ ДЕРЕК ЖОҚ"
Ресей мен Қазақстан арасын құрлықтағы ең ұзын шекара бөліп тұр. Екі елдің арасында ресми мәлімдемелерде "тең серіктестік" орнаған деп айтылғанымен, экономикалық және саяси тұрғыда Астана Мәскеуге кіріптар.
Қазақстан Мәскеудің ықпалы күшті әскери және экономикалық ұйымдарға мүше. Ресей Украинаға соғыс бастағалы Астана бейтарап позиция ұстауға тырысып, екі тарапты бітімге келуге үндеп келеді. Басқыншылығына байланысты санкцияларға ұшырап, әлемнен оқшауланып қалған Мәскеу Орталық Азия елдерімен серіктестікті күшейтті. Әсіресе сауда-саттық, білім беру, мәдениет және энергетика салаларында Қазақстанның Ресеймен байланысы күшейді.
Азаттық Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне "Ресей тарабы Қазақстанда жүргізуі мүмкін құпия операциялар бойынша қандай да бір ақпарат бар ма? Шетелдік құпия құрылымдар тарабынан жүргізетін ел ішіндегі ахуалға ықпал ету әрекеттеріне жол бермеу үшін Қазақстан қандай механизмдерді жүзеге асырып отыр? Қазақстанда қоғамдық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтары арқылы ықпал ету немесе ақпарат жинау мақсатындағы шетелдік жобаларды бақылау, рұқсат немесе есеп беру сияқты қандай рәсімдер қарастырылған?" деп сауал жолдаған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі: "Еліміздің аумағында шет мемлекеттер жүргізетін ықтимал жасырын операциялар мен ақпараттық науқандар туралы қандай да бір ресми ақпарат жоқ. Министрлік өз қызметінде сыртқы саяси ведомствоның қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады және Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілету және қорғау жөнінде кешенді дәйекті жұмыс жүргізеді" деп қысқа жауап берді.
Саясаттанушы Димаш Әлжановтың айтуынша, Украинада соғыс басталғалы Мәскеудің орыс тілді ақпарат кеңістігінде жүргізіп жатқан ақпараттық саясаты Қазақстанға да әсер еткен. "Қазақстан Украина сияқты тікелей ақпараттық шабуылдың нысанасы болмаса да, бұл бағыттағы Ресей ықпалы айқын сезіледі".
— Қазір Мәскеу тарабынан Қазақстанға бағытталған гибридті соғыс жоқ, бірақ Ресей өз мүддесіне сай ақпаратты көбірек таратуға тырысып жатқаны анық. Ол үшін Мәскеу мәдени жобалар, ақпараттық науқандар мен "жұмсақ күш" элементтерін жиі қолданады. Бұл жағдай Қазақстан сыртқы ықпалдан толық қорғана алмайтынын көрсетеді, — дейді Әлжанов.
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанның ең осал тұсы — қоғамның ақпарат көздеріне сенімінің төмен болғаны. "Ел ішінде тәуелсіз әрі сенімді баспасөздің жоқтығы — жалған ақпараттың тез таралуына жол ашады".
— Осының әсерінен Ресейдің шындыққа жанаспайтын, нақты мүддені көздеген ақпаратты таратуына мүмкіндік туып отыр, — дейді Әлжанов. — Сондықтан Мәскеу Қазақстанға тікелей ақпараттық шабуыл жасап жатпаса да, ел ішіндегі кемшіліктердің кесірінен сырттың ықпалы күшейе береді. Мемлекеттік институттарға, ресми ақпарат көздеріне сенімсіздік күшейген сайын қоғам ішіндегі алауыздық та тереңдей түседі.
ПІКІРЛЕР