ЖАҢАЛЫҚТАР
Талибан ауған-тәжік шекарасының маңындағы аймақты басып алды

Талибан тобы 22 маусымда ауған-тәжік шекарасындағы Шерхан-Бандар аймағына бақылау орнатты. Ауғанстанның Құндыз қаласынан 50 шақырымда жатқан бұл жер ауған-тәжік шекарасындағы кедендік аймақ саналады.
Құндыз провинциясы кеңесінің мүшесі Халиддин Хакми AFP агенттігіне тәліптер 22 маусымда "Шерхан портын және шекара постарын" басып алғанын айтқан.
Тәжікстан тарабы 22 маусымда Ауғанстан жақтан атыстың даусын естігенін, түстен кейін тынышталғанын хабарлады. Душанбе шекарадағы жағдайдың тыныш екенін, ауған солдаттарының Тәжікстан жаққа өтпегенін мәлімдеді.
Талибан өкілі Забихулла Муджахид "Шерхан-Бандар және Тәжікстанмен шекара маңындағы аудандар тәліптердің толық бақылауына өткенін" айтты.
Құндыз провинциясы кеңесінің мүшесі Гулам Раббанидің сөзінше, атыс Құндыздан тысқары жерлерде де жүріп жатыр. Атыстың салдарынан адамдар қаланы тастап кеткен. Ауғанстан қорғаныс министрлігі Құндыздағы кейбір маңызды аудандарды тәліптерден қайтарып алғанын мәлімдеді.
Талибан содырлары 21 маусымда Балх провинциясының орталығы Мазари-Шарифтің шетіне жеткені хабарланды. Тәліптердің өкілі Муджахидтің сөзінше, содырларға қалаға кірмеуге бұйрық берілген. Талибан жетекшілері бұл провинциядан АҚШ күштерінің толық шыққанын күтпек.
АҚШ президенті Джо Байден биыл мамырда "11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан америкалық әскерилер толық шығарылатынын" мәлімдеп, бұл процесс басталып кеткен. Осыдан соң Талибан басқыншылықты үдетіп, Ауғанстандағы көп жерлерге бақылау орната бастады.
Ауғанстандағы БҰҰ арнайы өкілі Дебора Лайонс 22 маусымда мәлімдеме жасап, "мамырдан бері тәліптер Ауғанстандағы 370 ауданның 50-ден астамын басып алғанын, бұл басқа да елдерге қауіп төндіретінін" айтты.
Басқа да жаңалықтар
ISW: Путин АҚШ пен Еуропаны араздастырғысы келеді

АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының (ISW) баяндамасында Кремль алдағы АҚШ–Ресей саммитін Украинада бейбітшілік орнатуға шынайы қадамдар жасау үшін емес, АҚШ пен Еуропаның арасына жік салу үшін пайдалануға тырысады деп көрсетілген.
Ресей өкілдерінің бірқатар мәлімдемелерін талдағаннан кейін сарапшылар Ресей бұрыннан келе жатқан әскери мақсаттарынан бас тартуға әлі дайын емес деген қорытындыға келген. Ресейдің мақсаттарына: Украинаның НАТО-ға мүше болуына жол бермеу, Украинада ресейшіл қуыршақ үкіметтің билікке келуі және Украинаны толық қарусыздандыру, яғни оның толық капитуляциясы жатады. ISW болжамынша, Ресей болашақта атысты тоқтату туралы қандай да болмасын келісімді бұзып, оған Украинаны айыптауы мүмкін – Мәскеу 2025 жылдың көктемінде әлденеше рет сөйткен.
ISW Ресейдің қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің Еуропаны "АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтатуына кедергі жасауға тырысты" деп айыптаған сөздеріне назар аударады. Оған қоса, Ресей либерал-демократиялық партиясының (ЛДПР) жетекшісі Леонид Слуцкий 9 тамызда еуропалық елдер "антиресейлік саясат жүргізіп, Украинада бейбітшілік ісін жылдам реттеуге кедергі келтіріп отыр" деп мәлімдеген.
Одан бөлек, ресейлік саясаттанушы Сергей Марков 10 тамызда The Washington Post газетіне берген сұхбатында, Ресей президенті Владимир Путиннің Аляскада өткелі отырған саммиттегі басты мақсаты – Украинада бейбітшілік орнатуға кедергі ретінде Ресейді емес, Украина мен Еуропаны көрсету екенін айтты. Ол, сондай-ақ, Ресейдің ешбір талапқа көнбейтінін атап өтті.
Сарапшылар Кремль АҚШ, Еуропа және Украинаның бірлігін әлсіретуді көздейтін кең ауқымды науқанды бұрыннан жүргізіп келе жатыр дейді. Олардың айтуынша, бұл науқан Батыстың Украинаны қолдауын шектеу және Украинаға қарсы ашқан соғысты тоқтату мәселесіне байланысты бастапқы талаптарынан бас тартқысы келмейтін Путиннен назарды басқа жаққа бұру мақсатын көздейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин 15 тамызда Аляскада кездеспекші.
Солтүстік Еуропа пен Балтия елдері: Украина жайлы шешім оның қатысуымен ғана қабылдануы керек

Жексенбі, 10 тамыз күні Солтүстік Еуропа мен Балтық елдерінің басшылары Украина мен Ресей арасындағы соғысты аяқтау жөніндегі келіссөз атыс тоқтатылады деген шарт орындалса ғана өтуі мүмкін екенін және "Киевтің қатысуынсыз ешқандай шешім қабылданбауға тиіс" екенін мәлімдеді.
Дания, Эстония, Финляндия, Исландия, Латвия, Литва, Норвегия мен Швецияның мемлекет және үкімет басшылары бірлескен мәлімдемесінде Украинаның егемендігіне, тәуелсіздігіне және жерінің тұтастығына "мызғымас қолдау" білдірді.
Солтүстік Еуропа мен Балтық елдерінің басшылары АҚШ-тың "соғысты аяқтауға көмектесу" бастамасын құптағанымен, мәлімдемеде келіссөзге Украина мен Еуропаның қатысуы міндетті екенін ерекше атап өтті.
"Украина халқы өз тағдырын өзі еркін таңдауы керек. Украина үнсіз қалған жағдайда бейбітшілікке жол ашу мүмкін емес, — делінген құжатта. – Украинасыз Украина жөнінде, Еуропасыз Еуропа жөнінде ешқандай шешім қабылданбауға тиіс".
Бұған қоса бірлескен мәлімдемеде "келіссөздер атысты тоқтату шарты орындасла ғана өтетіні" айтылған.
Сонымен бірге, Украинаға алдағы уақытта да қаржылай және әскери көмек көрсету жалғасатынын, сондай-ақ Ресейге қарсы енгізілген "шектеу шаралары" сақталатынын және оларды күшейтуге дайындық жасалып жатқанын растаған.
Газада әуе шабуылынан Al Jazeera арнасының бес қызметкері қаза тапты

Жексенбі, 10 тамыз күні Газа қаласында Израильдің қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) әуе шабуылы салдарынан Al Jazeera телеарнасының журналисі Анас әл-Шариф пен арнаның тағы төрт қызметкері қаза тапқан. Қаланың шығыс бөлігіндегі әл-Шифа ауруханасының жанында орналасқан шатырға әуеден шабуыл жасалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, Al Jazeera қызметкерлерінен бөлек, тағы екі бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Израиль әскері барлау деректеріне және табылған құжаттарға сүйеніп, Анас әл-Шариф АҚШ пен Еуропа одағында террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобының шағын ұясын басқарған және Израильге жасалған зымыран шабуылдарына қатысқан деп мәлімдеді.
"Шабуыл жасалар алдында бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандарды барынша азайту үшін шаралар қабылданды. Нысанаға дәл түсетін қару қолданылды, әуеден бақылау жүргізілді, қосымша барлау ақпараты алынды", – делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.
Бұған дейін Израиль әл-Шарифті палестиналық қарулы топтармен байланысы бар журналистер тізіміне енгізген еді. Al Jazeera және әл-Шарифтің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарған. Телеарна өз қызметкерлеріне жасалған шабуылды "БАҚ еркіндігіне қарсы өрескел әрі қасақана шабуыл жасау" деп атады.
28 жастағы Анас әл-Шариф 2024 жылы Reuters агенттігінің құрамында Газа соғысы туралы фотоматериалдары үшін Пулитцер сыйлығын алған. Қаза болар алдында ол X әлеуметтік желісінде Израиль әскері екі сағаттан астам уақыт бойы қаланы қатты атқылап жатқанын жазды.
Журналистерді қорғау комитеті Израиль журналистерді террористермен байланысы бар деп жүйелі түрде айыптайтынын, бірақ "дәлелді деректер ұсынбайтынын" мәлімдеді. Ұйымның дерегінше, 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылдан кейін басталған Газа соғысы барысында кемінде 186 БАҚ қызметкері қаза тапқан.
Жексенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа қаласын бақылауға алу мақсатын көздейтін әскери операцияның жаңа кезеңі басталғанын хабарлады. Сонымен қатар, ол Газада "шетелдік журналистерді көбірек жұмыс істеуге жіберу" жоспарын жариялады. Бұған дейін Израиль билігі қауіпсіздік себептерін алға тартып, шетелдік тілшілердің Газаға өз бетімен баруына кедергі қойып келген. Сирек жағдайда ғана Израиль әскері қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бақылауымен баспасөз өкілдерінің Газаға барып-қайтуын ұйымдастырған.
Педофилия қылмысына күдікті Ресейден Қазақстанға жеткізілді

Қазақстанда кәмелетке толмаған жеткіншекке жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасаған деген күндікке ілінген адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы 11 тамызда Қазақстанның бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Ресми ақпаратта Қазақстанға ол нақты қай күні жеткізілгені айтылмаған.
Прокуратура дерегінше, ұсталған адам 2024 жылдың қараша айына Қостанай облысында кәмелетке толмаған әрі психикалық ауруға шалдыққан жасөспіріммен үйде жалғыз қалған сәтті пайдаланып, оған зорлық жасаған деген күдікке ілінген. Күдікті әлгі баланың ата-анасы достық қарым-қатынаста болған.
Қылмыс оқиғасынан кейін күдікті Қазақстаннан кетіп қалған. Соған байланысты Қазақстан билігі оған халықаралық іздеу жариялаған.
Күдікті былтыр Ресей Федерациясының Челябі облысында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған. Қазір ол Қазақстанда тергеу абақтысында қамауға отыр деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде педофилия қылмысы үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он бес жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамау жазасы қарастырылған.
Қазақстанда 2018 жылдың басынан бастап химиялық кастрация жасау туралы заң күшіне енген. Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация "кәмелетке толмағандарды зорлады" деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан адамдарға қолданылады.
БАҚ: Баку Украинаға қару беруге салынған эмбаргоны алып тастауы мүмкін

Егер Ресей Украинадағы Әзербайжанға тиесілі энергетика нысандарына тағы да шабуыл жасайтын болса, онда Баку өз қорларынан Киевке қару-жарақ беруге салынған тыйымды алып тастауы мүмкін. Бұл туралы Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің маңайындағыларға жақын telegram-арналар хабарлады.
Ресейлік "Военкор Котенок" telegram-арнасы "бірқатар дереккөздердің мәліметінше, Баку қазірдің өзінде 122 мм және 155 мм артиллериялық снарядтар өндірісін бастап, кейін оларды Украинаға жөнелтуге дайындалып жатыр, қалай болғанда да шешім қабылданып қойған" деп жазды.
Meduza басылымы атап өткендей, Әлиев пен Украина президенті Владимир Зеленский телефонмен сөйлескенде Одесса облысындағы Әзербайжан мұнай базасына жуырда Ресейдің жасаған шабуылын айыптаған.
Әзербайжан президенті кеңсесі таратқан хабарламада екі тарап Ресейдің Әзербайжан мұнай базасына және Одессадағы Әзербайжан газын айдайтын компрессор станциясына "мақсатты түрде жасаған әуе шабуылдарын" айыптағаны айтылған. Ресей әскері компрессор станциясына 6 тамызға қараған түні, ал SOCAR мемлекеттік компаниясына тиесілі мұнай базасына 8 тамызға қараған түні әуеден шабуыл жасаған, деп жазды Meduza. Содан сәл бұрын Украина алғаш рет Трансбалқан дәлізі арқылы Әзербайжаннан газ алған еді.
Илхам Әлиев биыл шілдеде Украинаға жерін Ресейдің басып алуына "көнбеуге" кеңес берген.
Мәскеу мен Баку арасы былтыр желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін шиеленісіп кетті. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып (үшеуі экипаж мүшесі), 29 ада зардап шекті. Әзербайжан бұл қайғылы оқиғаға жауапкершілікті Ресейге жүктеді, ал Кремль кінәсін мойындаудан бас тартып отыр.
Бұған қоса биыл 27 маусымда Ресейдің Екатеринбург қаласында ресейлік күш құрылымдары әзербайжан диаспорасы өкілдерін ұстаған кезде екі адам қаза тапқан соң, бұған жауап ретінде Бакуде шамамен жиырмаға жуық ресейлік азамат, оның ішінде "Sputnik Әзербайжан" атты кремльшіл ақпарат агенттігінің журналистері де ұсталып, қамауға алынды. Баку бұл агенттіктің лицензиясын оның алдында, ақпан айында жойған болатын. Әзербайжан құқық қорғау органдары ұсталған ресейліктердің кейбіріне есірткі контрабандасы мен кибер алаяқтық қылмысына қатысы бар деген айыптар тақты.
Трамп Вашингтондағы үйсіздерді қаладан аластағысы келеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтондағы үйсіздерді қала орталығынан көшірмек ниетте.
"Мен астанамызды бұрынғыдан да қауіпсіз әрі көркем етпекпін. Үйсіздер қала орталығынан дереу кеткені жөн. Біз сіздерге тұратын орын береміз, бірақ ол астанадан алыс жерде болады. Ал қылмыскерлерге – барар жер, басар тау жоқ. Біз сіздерді түрмеге жабамыз, сіздердің орындарыңыз сол жерде. Барлығы шекарадағыдай өте жылдам болады", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ол өз жоспары қылмыспен күресуді ғана емес, оған қоса Вашингтонды "көркейту" шараларын да қамтитынын айтты. Трамп бұл жоспардың толық нұсқасын дүйсенбі, 11 тамызда өтетін баспасөз конференциясында баяндамақ.
Бұдан бөлек, президент әлеуметтік желідегі жеке бір постында:
"...Қылмыс көрсеткіші тек нашарлап бара жатыр, қала барған сайын лас әрі сұрықсыз болып көрінеді... Шатырлар, қайыршылық, лас-қоқыс пен қылмыс пайда болмас бұрын астана әлемдегі ең әдемі қала еді. Жақында ол қайтадан сондай болады", – деп жазды.
Нетаньяху Газа секторындағы жаңа әскери операция жоспары жайлы айтты

Израиль Газа секторында әскери операцияның жаңа кезеңіне дайындалып жатыр. Оның мақсаты – АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобының қалған екі тірек нүктесін бақылауға алу. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иерусалимде өткен баспасөз мәслихатында анклавтағы ең ірі елді мекен – Газа қаласын алу көзделіп отырғанын мәлімдеп, операцияны "өте қысқа мерзімде" аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл операция соғыс қимылдарының тоқтауына септесуі тиіс.
"Нақты мерзімдер туралы айтқым келмейді, бірақ өте қысқа уақыт жайлы сөз болып отыр, өйткені біз соғысты аяқтағымыз келеді", – деген Нетаньяхудың айтқанын келтірген Reuters агенттігі.
Өткен жұма күні Израиль билігі Газа секторындағы әскери кампанияны кеңейту жоспарын бекіткен. Бұл шешім ел ішінде де, шетелде де, соның ішінде бірқатар Еуропа мемлекеттері тарапынан да сынға ұшырады.
Нетаньяху Израильдің "операцияны аяғына дейін жеткізіп", қаруын тастаудан бас тартып отырған "ХАМАС тобын күйретуге" ниетті екенін баса айтты. Бұған дейін ХАМАС басшылығы тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылғанға дейін қарудан бас тартпайтынын мәлімдеген еді.
Бұған қоса Нетаньяху әскери іс-қимылдармен қатар "гуманитарлық серпін" жасау – Газа халқына көмек жеткізуді арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл іс-шара АҚШ-пен бірлесе үйлестірілмек. Сонымен бірге, бейбіт тұрғындардың қоныс аударуы үшін "қауіпсіз аймақтар" құру көзделіп отыр.
Нетаньяху Газа секторында жұмыс істеуге шетелдік журналистерді көбірек кіргізу жоспарын да жариялады. Алайда ол жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берген жоқ. Бұған дейін Израиль билігі көбіне қауіпсіздік себептерін алға тартып, шетелдік тілшілердің Газадағы жағдайды өздері барып, көз жеткізуіне кедергі жасап келген. Сирек жағдайда ғана Израиль әскерилері қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бақылауымен баспасөз өкілдерінің Газаға барып-қайтуын ұйымдастырған.
Тоқаев пен Зеленский телефонмен сөйлесті

Ақорда хабарламасында телефон әңгіме Украина жағының бастамасымен болғаны жазылған.
Телефон әңгіме барысында Тоқаев Қазақстан Украинада “халықаралық құқық қағидаттары негізінде бейбітшілік орнауына сөзсіз мүдделі” екенін айтқан.
“Атап айтқанда, президент Астананың әуел бастан әділдік негізінде бейбітшілік формуласын бірлесе іздеуді жақтағанын, БҰҰ Жарғысын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолсұқпаушылық қағидатын сақтау туралы жүйелі түрде пікір білдіргенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргідей өте күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыпты түрде шешу маңызды” деп жазылған хабарламада.
Одан бөлек, Тоқаев “территориялық түйткілдің күрделі екенін түсінетінін” жеткізген.
“Бұл – халықаралық қатынастардағы ең қиын мәселе. Көбіне бейбітшілік туралы келісімге қол жеткізу, тіпті бітімге келу жолында еңсерілуі қиын кедергіге айналады. Бірақ қазіргі ең басты міндет – қауіпсіздігіне халықаралық кепілдік беру арқылы Украина елінің мемлекеттілігін сақтау” деп жазылған президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Тоқаев Қазақстан Украинамен өзара мүддеге сай келетін түрлі салада белсенді ынтымақтастық құруға ниетті екенін атап өткен.
Зеленский Тоқаевқа "Украина халқының, біздің тәуелсіздігіміздің, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымыздың қолдауы үшін" ризашылық білдірді.
"Шынында да, халықаралық құқық, БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттары және ортақ ақыл-парасат – атап айтқанда, мемлекеттердің шекаралары мен аумақтық тұтастығын, әрбір халықтың абыройын құрметтеу – үстем болуы тиіс. Мен кез келген ел үшін қауіпті жайтқа назар аудардым: егер бір тәуелсіз мемлекет тек "аумақ" ретінде қарастырылып, оны бөлуге әрекет жасалса, бұл — барлық ұлтқа қатер. Тарих талай рет дәлелдегендей: мұндай әділетсіздік бір мемлекетке рұқсат етілсе, ол сонымен тоқтамайды", – деп жазды Зеленский Х әлеуметтік желісінде жариялаған постында.
Сондықтан барлық мемлекет үшін Украинаға әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікті, украин халқының егемендік құқықтарын құрметтеу негізінде қамтамасыз ету маңызды, деді Украина президенті. Ол Тоқаевқа президент Трамппен және еуропалық әріптестермен жүргізілген дипломатиялық жұмыс, қол жеткізілген уағдаластықтар туралы баяндағанын айтты.
"Кеше қауіпсіздік кеңесшілерінің кездесуі өтті, Еуропа бірыңғай ұстанымға келді: соғыс мүмкіндігінше тезірек, сенімді бейбітшілік арқылы аяқталуы тиіс. Өкінішке қарай, Ресей ұрыс қимылдарын созу үшін барын салып жатыр, жарияланған мерзімдерге қарамастан қырғынды тоқтатудан бас тартып, болашақ соққылар үшін жердегі позицияларын нығайтуға тырысуда. Ресейдің мұндай жойқын әрекеттері тоқтатылуы тиіс" деді Зеленский.
Ресми Астана Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған жоқ, бірақ ресми түрде қолдаған да жоқ. Қазақстан бұған дейін Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеп, Ресей аннексиялап алған украин облыстарын "Ресейдің бөлігі" деп танымаған. Бірақ бір мезетте қазақстандық компаниялардың Ресейге тыйым салынған электронды бөлшектерді экспорттағанына дәлел көбейіп келеді. Ресейдің басқыншылығын қолдағаны үшін Батыс елдері санкция салған компаниялар арасында бірнеше қазақстандық компания бар. Бұл компаниялар Ресейге электроника сатып алуға көмектесіп, шектеулерді айналып өтуде қол ұшын берген деп айтылады.
Биыл ақпанда "сауда және интеграция министрлігі Еуроодақ санкция салған Қазақстандағы компанияларға қандай да бір шара қолдана ма?" деген Азаттық сұрағына министр Арман Шаққалиев "олар салық, экспорт бақылауы бойынша Қазақстан заңын бұзған болса, шара қолданамыз" деп жауап берген еді. Ол былтыр Батыстың санкциясына ілінген қазақстандық компанияларды "бір күндік компаниялар" деп атаған.
Зеленский мен Тоқаев 15 тамызда Аляскада Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Дональд Трамп кездесейін деп отырған шақта телефонмен сөйлесіп отыр. Кей мәліметке қарағанда, Мәскеу мен АҚШ келісуі мүмкін ықтимал бейбіт келісім жобасында Украинаның бірақ аумақты беру туралы пунктер де бар. Зеленский 9 тамызда Украина "өз жерін сыйға бермейді" деп мәлімдеді. Әлеуметтік желіде ол "Ресей ұстанымында өзгеріс жоғын" жазған. Путин мен Трамп келіссөзі қарсаңында Украина мен Еуропа елдері АҚШ-қа соғысты тоқтату жоспарын таныстырған.
Әскери тікұшақтың жоғалуы: Сорбұлақтан екінші адамның денесі табылып, судан шығарылды

Сорбұлақта екінші адамның денесі табылып, судан шығарылды.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, құзыретті органдардың қатысуымен мәйітті тану жұмысы жүргізіліп жатыр.
Ведомство іздеу жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Іздеу жалғасып жатыр.
Су қоймасындағы балшық іздеу жұмыстарын қиындатып отыр деді ведомство өкілдері.
Қорғаныс министрлігіне тиесілі EC-145 әскери тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалған. Бортта үш әскери қызметкер болған. Ізінше ғарыш мониторингі барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлі аумағында майға ұқсас дақ анықталған. Ертесінде көлден тікұшақ бөлшектері табылған, одан кейін іздеу жұмыстары басталды.
Бір күн бұрын ведомство Сорбұлақтан бір адамның денесі мен тікұшақ бөлшектері табылғанын хабарлаған.
Иран Армениядағы "Трамп дәлізіне" қарсы шықты

Иран 8 тамызда АҚШ араағайындық етуімен Вашингтонда қол қойылған Әзербайжан мен Армения арасындағы келісімде қарастырылған көлік дәлізінің пайда болуына жол бермейді. Сенбі күні "Тасним" агенттігіне берген сұхбатында Иранның рухани көсемінің сыртқы істер жөніндегі кеңесшісі Әли Әкбар Уәләяти осылай деп мәлімдеді.
"Халықаралық бейбітшілік және гүлденуге арналған Трамп жолы" (Trump Route for International Peace and Prosperity, немесе TRIPP) деп аталатын дәліз Ақ үйде қол қойылған келісімнің негізгі элементі. Ол Әзербайжанды Нахчыван эксклавымен байланыстыруға тиіс, АҚШ бұл көлік жолын дамыту құқығына ие болды.
Уәлаяти жоба "жүзеге асырылмайды", ал аумақ "Трамп жалдамалыларының зиратына айналмақ" деп сес көрсетті. Оның айтуынша, бұл дәліз Оңтүстік Кавказдың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
"Иран Оңтүстік Кавказдың қауіпсіздігіне сәйкес әрекет ететінін алға тартады. Ресеймен немесе Ресейсіз. Бұл дәлізге Ресей де стратегиялық тұрғыдан қарсы деп есептейміз" деді Уәлаяти.
Тегеран ұзақ жылдардан бері Зангезур дәлізін құруға қарсы. Тегеранның пікірінше, мұндай дәліз Иранды Армения мен Кавказдың қалған бөлігінен оқшаулап, шекарада шетел әскерінің пайда болуына жол ашады. "Өз мүддемізді барынша күштік әдістермен қорғауға құқымыз бар" деді әскери жаттығушыларды меңзеген Уәлаяти.
Ал Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде "Америка жағының араағайындық етуімен Оңтүстік Кавказ республикалары басшыларының Вашингтондағы кездесуін оң бағалауға болады" деп жазылған.
"Оңтүстік Кавказ проблемаларының оңтайлы шешімі - жақын көршілері - Ресей, Иран, Түркияның қолдауымен аймақ елдерінің өздері әзірлеген шешімді табу және жүзеге асыру" деп жазылған.
Иран сыртқы істер министрлігі Армения мен Әзербайжан арасындағы "бейбіт келісім мәтінінің аяқталуын" жылы қабылдағанмен "ортақ шекараға жақын жерде шетел ықпалының теріс салдарына" алаңдаушылық білдірді. Ведомство өкілдері мұндай қадамдар "аймақтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, тұрақсыздықты бұзады" деді.
Әзербайжан мен Армения арасындағы құжат Әзербайжан мен Нахчыван анклавымен жалғайтын аумақта темір жол, мұнай-газ құбырлары, талшықтық оптика сымдарын орнатуды қарастырады.
Баку мен Ереванның көлік дәлізін құру жөнінде келісе алмауы Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісім жасауға бөгет болып тұрған негізгі жайт еді.
Қазақстанда Абайдың мерейтойы атап өтіліп жатыр

Биыл қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы әрі классигі Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Ол – жүздеген өлең, поэма мен аударманың, философиялық трактаттар стилінде жазылған "Қара сөздердің" авторы. Ақынның туған күні биыл елде 1-10 тамыз аралығында атап өтіліп жатыр.
Бүгін таңертең ақынның туған жері Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімі болатыны хабарланған. Одан соң барлық өңірде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай құттықтау жариялады.
“Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды” деп жазылған ресми хабарламада.
Ресми мәлімет бойынша, Абайдың мерейтойына орай елде 100-ден астам іс шара жоспарланған.
Бұған дейін 1 тамызда ABAY ACADEMIYASY атты ақынның шығармашылығына арналған энциклопедиялық портал ашылған. Бұл ақын мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған деп айтылады. Ақынның туған күніне орай елде «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанып, жыр мүшәйралары, концерттер өтіп жатыр.
WSJ: Украина мен Еуропа АҚШ-қа соғысты тоқтату жоспарын ұсынды

Украина мен Еуропа елдері АҚШ-қа Украинадағы соғысты тоқтату жоспарын ұсынды деп жазды дереккөздерге сүйенген The Wall Street Journal.
Оған сәйкес, бейбітшілік бойынша кез келген қадам атыс толық тоқтағаннан кейін жасалуы керек, екі жақ келіскен жағдайда ғана "жер алмасу" мүмкін, Украина кейбір аумағын беруге келіссе, Украинаға қауіпсіздік кепілдігі берілуі керек, оған НАТО-ға мүше болу ықтималдығы да кіруі керек.
Жоспар АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Кит Келлогқа келесі аптада жоспарланып отырған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин арасындағы кездесу кезінде АҚШ басшылыққа алатын позицияның негізі ретінде ұсынылған.
"Еуропаның мақсаты – Украинамен бірге Ресеймен кез келген келіссөзге қатысты "қызыл сызық" белгілеп алу" деп жазды мақала авторы Боян Панчевски
Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің Аляскадағы кездесуіне дайындық жүріп жатқаны хабарланған. Кездесу 15 тамызда өтеді. Кей мәліметке қарағанда, Мәскеу мен АҚШ келісуі мүмкін ықтимал бейбіт келісім жобасында Украинаның бірақ аумақты беру туралы пунктер де бар.
Зеленский 9 тамызда Украина "өз жерін сыйға бермейді" деп мәлімдеді. Әлеуметтік желіде ол "Ресей ұстанымында өзгеріс жоғын" жазды.
"Ресейліктер ... Украина жерін Украина жеріне «айырбастау» идеясын алға тартады, бұл оларға соғысты қайта бастау үшін қолайлы позициясынан басқа ештеңеге кепілдік бермейді" деп жазды Зеленский.
Украинадағы соғысқа қатысқан Атырау тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланды

Атырау тұрғыны Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды деп жазды Halyqstan телеграм-арнасы. Атырау қаласының №2 қалалық соты оны "Шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны" үшін (172-бап) кінәлі деп таныған.
Қазақстан қылмыстық кодексінде бұл бап бойынша 5-9 жыл аралығында түрме жазасы қарастырылған. Тергеу органдарының мәліметіне сүйенген телеграм-арна оның Ресейде жұмыс істеп жүріп, Ресей қорғаныс министрлігімен шарт жасасқанын, соғысқа барып, ол жақта жарақаттанғанын жазды. Сот үкімі әзірге күшіне енбеген.
"Ақжайық" басылымы да бейресми дереккөзге сүйене отырып, Атырауда Украинадағы соғысқа қатысқан тұрғын ұсталғанын жазған. Басылым 25 сәуірде Атырау облысының прокуратурасына ресми сауал жібергенмен сауал кейін ҰҚК-ның жергілікті департаментіне бағытталған. Бірақ жауап келмеген.
Облыстық соттың баспасөз қызметі де жауап бермеген. Азаттық та сенбі күні Атырау сотынан жауап ала алмады.
Қазақстан заңы өз азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады.
Екі апта бұрын украиналық "Хочу жить" жобасы 2025 жылдың басынан бері Ресей әскеріне жалданған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялаған еді. Жобаның көктемде мәлім еткен тізімінде 661 қазақстандық болған. Ұйымның хабарлауынша, осы тізімге орай Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.
Бұған дейін Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха журналистерге "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімді әуелі "тексеру қажеттігін" айтқан еді.
Кейбір ақпарат құралдары бұған дейін Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы жазған. Тізімде олардың аты-жөндері де бар және ондағы деректер бір-бірімен сәйкес келеді.
Осыған дейін Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.
Сорбұлақтан жоғалған тікұшақ бөлшектері мен бір адамның денесі табылды

Алматы облысында Сорбұлақ су қоймасынан шілде соңында жоғалған әскери тікұшақтың бөлшектері мен бір адамның денесі табылды. Бұл жөнінде 9 тамызда әскери ведомство хабарлады.
Министрліктің айтуынша, аталған аумақ спутник деректерінің көмегімен математикалық есептеулер жүргізу нәтижесінде анықталған.
"Аталған ауданға жедел түрде іздеу топтары мен арнайы техника жөнелтілді. Су астындағы жұмыс барысында ҚР қарулы күштерінің әскери қызметкерлері шамамен 14 метр тереңдіктен әуе кемесінің кейбір бөлшектері мен бір адамның мәйітін тапты. Қазіргі уақытта мәйітті тану процедурасы жүргізіліп жатыр" деп жазылған ресми хабарламада.
Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Су қоймасындағы балшық іздеу жұмыстарын қиындатып отыр деді ведомство өкілдері.
Қорғаныс министрлігіне тиесілі EC-145 әскери тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалған. Бортта үш әскери қызметкер болған. Ізінше ғарыш мониторингі барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлі аумағында майға ұқсас дақ анықталған. Ертесінде көлден тікұшақ бөлшектері табылған, одан кейін іздеу жұмыстары басталды.
Қазақстан Газа секторынан бірнеше азаматын эвакуациялады

Қазақстанның алты азаматы Газа секторы аумағынан әкетілді деп хабарлады ресми Астана. Қазақстан СІМ-нің хабарлауынша, эвакуацияны Қазақстанның Иордания мен Израильдегі дипломатиялық өкілдіктері ұйымдастырған.
Қазақстандықтар шекара пункті арқылы Амманға өтіп, сол жақтан Қазақстанға ұшып кеткен.
Ведомство жариялаған суретте төрт ересек адам мен екі бала көрінеді.
Қазақстан СІМ Иордания мен Израиль билігіне, халықаралық Қызыл крест ұйымына қазақстандықтардың кетуіне көмектескені үшін алғыс айтты.
"Қазақстанның Амман және Тель-Авив қалаларындағы елшіліктері өңірдегі жағдайды мұқият бақылауда ұстап, Газа секторы мен жалпы Палестина аумағында жүрген Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста" деп жазылған ресми хабарламада.
Газада қалған қазақстандықтар туралы мәлімет хабарламада айтылмайды.
Газа секторында 2023 жылдың күзінен бері Израиль мен ХАМАС (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған) шайқасып келеді. Шайқас барысында Газада азаматтық инфрақұрылым қирады, азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен отын тапшы.
ПІКІРЛЕР